Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жамбыл: Облыстық деңгейде сирадан сайыс өтті

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі asyldin.kz 30.04.2024 392 0 пікір
Жамбыл: Облыстық деңгейде сирадан сайыс өтті

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Байзақ ауылдық «Тілеш қажы» мешітінің имамы Рахымбек Кенжебайұлының ұйымдастыруымен облыстық деңгейде «Адамзаттың асыл тәжі» атты білім сайысы өтті.

Сайыста Байзақ, Меркі, Қордай, Тұрар Рысқұлов және Тараз қаласы мешіттерінің жамағаты бақ сынасты.

Білім жарысы «Адамзаттың асыл тәжі» атты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаяны суреттелген кітап бойынша өтті. Осы кітап негізінде жүз сұрақтан тестілеу жүйесімен өткен байқау тартысты өтті.

Жарысқа төрелік жасау үшін, қара қылды қақ жарған әділ қазылар құрамында Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Есет Таласбаев, Байзақ аудандық мешітінің наиб имамы Бақытбек Бауыржанұлы төрелік етті.

Тесттің әділ өтуіне арнайы ауданымыздағы «Кеңес» мешітінің имамы Әли Олжабайұлы, «Аққия» мешітінің имамы Ахмет Жетпісбайұлы, «Әбдімажит» мешітінің имамы Қайыржан Пердебайұлы және «Бейшен» мешітінің имамы Акбар Тоқтасынұлы қатаң бақылау жүргізді.

Жарыс шымылдығын Қайыржан Пердебайұлы Құран аяттарын оқумен бастады. Байзақ ауданының бас имамы қатысушыларға сәттілік тілеп жарыс ережесін айтты. Жарысқа 111 үміткер қатысып, төмендегі жүзден жүйрік шыққандарға сый-сияпаттар берілді.

Бас жүлде – Ұмра кіші қажылығына  жолдама – Оңғарбаев Алмат (Тараз қаласы)

І орын – Қалиев Сенбек 100 000 тг (Байзақ ауданы)

ІІ орын – Кенжебай Нұрасыл 70 000 тг (Байзақ ауданы)

ІІІ орын – Сейітжапар Қалдыбек 50 000 тг (Байзақ ауданы)

ІҮ орын Серік Ерлік 30 000 тг (Тараз қаласы)

Ү орын Шолтаев Томерлан 20 000 тг (Тараз қаласы)

ҮІ орын Серікбай Данияр 10 000 тг (Байзақ ауданы)

Бұдан бөлек жарысқа қатысқан 8 жасар бала Қалмахан Нұрмұхамедке және атасы Қалмахан Бекмағанбетовке ыңталандыру ретінде 5 000 теңгеден және алғыс хат берілді. Аса белсенділікпен қатысқан ақсақалдар Мамыр Бозғулов, Орынбек Турапбаев және Телмаханбет Қайнашовқа қазақи дәстүрге сай иықтарына шапан жабылды.

Жарысқа демеушілік жасаған Жұмажанұлы Абылай ақсақалға облыс бас имамы Бейбіт Әліпбекұлының алғыс хаты берілді.

Шараға қатысушыларға арнайы ас беріліп облыс наиб имамы Есет Таласбаев уағыз-насихат айтты.        

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру